Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысының Н.Назарбаевтың Мәскеуге жасаған сапарына қатысты түсініктемесі
Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары бейресми болды. Тұңғыш Президентті Ресей Президенті Владимир Путинмен мемлекеттік өкілеттіктерге қарамастан жалғасын тауып келе жатқан көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады.
Тұңғыш Президент бірқатар әлем көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасып, сондай-ақ жеке кездесулер өткізіп тұрады. Мұндай қарым-қатынас тек Ресеймен ғана емес, Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және өзге де мемлекеттермен де жалғасуда. Дәл осындай өзара байланыс форматы халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді және мемлекеттік қызмет атқарған жылдары қалыптасқан жеке байланыстардың жалғасы ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ, мемлекеттік лауазым иесі болып табылмайтын беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер өткізу — дипломатиялық тұрғыдан қалыпты тәжірибе. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей Президенті Жапонияның өмірден өткен Премьер-министрі Синдзо Абэнің әйелі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапарына қатысты айтар болсақ, ол Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараларға шақырту алған болатын. Алайда белгілі бір себептерге байланысты ол ресми мерекелік шараларға қатыса алмады. Сондықтан Н.Назарбаев Мәскеуге кейін жеке сапармен барды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың елден ешқайда кетпегенін, оның Қазақстанда тұратынын атап өткім келеді.
Айдос Үкібай